Written by 19:38 Әдебиет

Сын есім дегеніміз не?

Бұл мақалама не тұралы:

  • сын есім нені білдіреді және қандай сұрақтарға жауап береді;
  • сын есімнің түрлері;
  • мәтінде сын есім қандай рөл атқарады.

Сын есім — заттың түрін, түсін, сапасын, белгісін, күйін, салмағын, көлемін, иісін т.б. қасиеттерін білдіретін сөздер.

Қазақ тілінде сын есімдердің сұрақтары: қандай? қай?

Сын есім түрлері

Сын есім құрамына қарай:

  1.  дара;
  2.  күрделі болып екіге бөлінеді.

Дара сын есім бір ғана негізгі немесе туынды түбірден тұрады. Мысалы, терең, шыдамды, удай, тәтті, тебеген, білімді, бойшаң, әдеби, т.б.

Күрделі сын есім: төмендегідей жолмен жасалады.

Күрделі сынның жасалу жолдары:

  • Сапа сындарының бір-бірімен тіркесуі арқылы күрделі сын жасалады: қызыл ала,қоңыр күрең,қара сұр, қара көк , көк алат.б.
  • Сапалық сыны мен қатыстықсынның тіркесуі арқылы жасалады: қалың қамысты (көл), ақ қанатты (құстар), кең маңдайлы көк көйлекті (қыздар) т. б.
  • Есім сөз бен қатыстық сын есімнің тіркесіарқылы жасалады: түлкі тымақты (кісі), қос ішекті (домбыра), былғары етікті (жігіт), қасқыр ішікті (азамат) т б.
  • Қатыстық сын менқатыстық сынның тіркесі арқылыкүрделі сын есім жасалады: қазақы мінезді (жігіт), толықша денелі (әйел), сәнді киімді (қыз), өткір көзді (жігіт), сапалы білімді (азамат) т. б.
  • Сын есімдердің қосарлануы арқылы күрделі сын есім жасалады: үлкен-үлкен, жақсылы- жаманды, үлкен-кіші.

Сын есім жасалуына қарай екіге бөлінеді: негізгі және туынды.

Негізгі сын есім ешбір қосымшасыз негізгі түбір күйінде болады.

Мысалы, көк, сыпайы, кермек, жабайы, таза, шабан, асау, жеңіл, т.б.

Туынды сын есім екі түрлі жолмен жасалады:

  1. есім сөздерге жұрнақ жалғану арқылы;
  2. етістікке жұрнақ жалғану арқылы.
Есім сөзден сын есім жасайтын жұрнақтарМысалдар
-лы, -лі, -ды, -ді, -ты, -ті
-сыз, -сіз
-ғы, -гі, -қы, -кі
-лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік
-шыл, -шіл
-шаң, -шең
-дай, -дей, -тай, -тей
-кер, -гер
-қой, -қор
-паз, -імпаз
-и, -ы, -і
Таулы, өнерлі, орманды, көрікті.
Ормансыз, еңбексіз, ағашсыз.
Қысқы, төменгі, ішкі, жазғы.
Балалық, адамдық, жігіттік, жолдастық.
Ойшыл, еңбекшіл.
Ашушаң, көйлекшең, сөзшең.
Үкідей, жолбарыстай, баладай.
Найзагер, табыскер, әдіскер.
Әзілқой, еңбекқор, әуесқой.
Өнерпаз, жеңімпаз.
Әдеби, алтайы, түркі.
Етістіктен сын есім жасайтын жұрнақтарМысалдар
-ғақ, -гек, -қақ, -кек, -ақ, -ек
-ық, -ік, -қ, -к
-ғыш, -гіш, -қыш, -кіш
-ғыр, -гір, -қыр, -кір
-шақ, -шек
-ыңқы, -іңкі, -ңқы, -ңкі.
-ынды, -інді, -нды, -нді
-малы, -мелі, -палы, -пелі, -балы, -белі
-ымды,- імді, -мды, -мді
-аған, -еген
-улы, -улі
-ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе
Жабысқақ, тайғақ, бөлек,
Тұнық, бітік, сирек, ақсақ.
Жүзгіш, айтқыш, жазғыш.
Алғыр, білгір, өткір, тапқыр.
Тартыншақ, сүріншек.
Басыңқы, салбыраңқы.
Жуынды, үйінді, жасанды.
Асырмалы, жаппалы, үрмелі, көшпелі.
Төзімді, қонымды, келісімді.
Қап(б)аған, теп(б)еген.
Байлаулы, ілулі.
Бояма, қызба, еспе, бұрма.

Сын есім мағынасына қарай екіге бөлінеді: 1) сапалық сын есім; 2) қатыстық сын есім.

Сапалық сын есім сын есімнің тікелей өзі, яғни заттың түр-түсін, сын-сапасын анықтайды. Мысалы, жасыл (алқап), сарғыш (гүл), тәп-тәтті (алма), жаман (әдет), жақсы (қасиет), ұзын (көше), биік (тау), терең (өзен), жуас (жылқы), асау (тай), т.б.

Қатыстық сын есім заттың сын-сипатын басқа сөз табының қатысы арқылы білдіреді. Мысалы, орманды алқап, гүлді өңір, алмалы бақ, әдепті қыз, қасиетті адам, құдіретті сөз, ақылды бала, дәмді тағам, өнерлі оқушы, салмақты мінез, шөлейт дала, шексіз аспан, т.б.

Сын есімнің түрленуі – оның шырай формасына енуі.

Шырай – тек сын есімге тән форма. Бір тектес заттардың сапалық белгісінің не артық, не кемдігін, сапа белгісінің әртүрлі дәрежеде болу қасиетін білдіреді.

Сын есімнің салыстырмалы және күшейтпелі шырайлары бар.

Салыстырмалы шырай біркелкі сындық белгінің бірінен екіншісінің артық немесе кемдігін салыстыру арқылы көрсетеді. Салыстырмалы шырай жасайтын жұрнақ түрлері:

-рақ, -рек, -ырақ, -ірек: сарырақ, кішірек, үлкенірек, қызылырақ, т.б.

-лау, -леу, -дау, -деу, -тау, -теу: қызылдау, биіктеу, сұрлау, алыстау, жасылдау, әдемілеу, күлгіндеу
Барлық сапалық сын есімге жалғанады.
-ғыл, -ғылт, -қылт, -ғылтым, -қылтым: сұрғылт, бозғыл, бозғылтым, қышқылтым
-шыл, -шіл, -шылтым, -шілтім: ақшыл, көкшілтім, ақшылтым, т.б.
-ғыш, -ілдір: сарғыш, көгілдір.
-аң, -қай, -ша, -ше: қуаң, көкше, сұрша,коңырқай, сұрқай, бозаң.
Кейбір жекелеген сын есімге жалғанады.

Күшейтпелі шырай біркелкі сындық белгінің бір-бірінен не өте артық, не өте кем екенін көрсетеді.

Күшейтпелі шырайдың жасалуы жолдары:

1) Сапалық сын есімнің алдына күшейтпелі буындардың үстелуінен жасалады: әп-әдемі, жып-жылы, сеп-семіз, тап-таза, үп-үлкен, көкпеңбек, аппақ, т.б. Күшейтпелі шырай жасаушы буындар дефис (-) арқылы жазылады, тек аппақ, көкпеңбек сөздері бірге жазылады.

2) Күшейтпелі шырай сапалық сын есімдерге өте, тым, аса, ең, тіпті, нағыз, орасан, өңшең, кіл, кілең күшейткіш үстеулерінің тіркесуі арқылы жасалады. Бұл күшейткіш үстеулер сапалық сын есімнің алдынан бөлек жазылады. Өте әдемі, тым биік, аса терең, ең мықты, тіпті ұзақ, нағыз шешен, орасан шыдамды, өңшең жүйрік, кілең күшті, т.б.

Морфологиялық сипаттары

Сын есімнің табиғи қызметі зат есімге анықтауыш мүше болу. Ол зат есімге тіркесіп анықтауыш қызметін атқарғанда ешқандай өзгеріске үшырамайды: анықталатын зат есім көптік, септік, тәуелдік формаларының қайсысында қолданылса да, сын есім . еш уақытта да тәуелденбейді, көптелмейді және септелмейді.

Сонымен бірге, бір алуан сын есімдер зат есімді анықтауларымен қатар, етістікті де анықтап, үстеу сөздердің қызметтерін атқарады. Мысалы: Семіз сөйлеп, арық шыққанша, арық сөйлеп, семіз шық (мақал).

Сын есімнің сөйлемдегі негізгі қызметі – анықтауыш. Біп-биік тау шыңы көгілдір аспанмен тілдесіп тұрғандай. Қандай тау? – Біп-биік тау. Қандай аспанмен? – Көгілдір аспанмен. Сын есім ілік септікте тұрып, заттанып келіп те анықтауыш болады. Жақсының (кімнің?) сөзі балдай, Жаманның (кімнің?) сөзі удай (мақал).

Жіктік жалғауын меңгерген сын есім сөйлемнің баяндауышы болады. Туған жер, сен неткен көріктісің. Сіз осы әулеттің үлкенісіз.

Сын есім көптелмейді, септелмейді, тәуелденбейді. Бұл жалғауларды жалғаған жағдайда сын есім зат есімнің орнына жүреді. Сын есімнің зат есім орнына жұмсалуын сын есімнің заттануы – субстантивтенуі дейді. Ақылды (кім?) байқап сөйлейді, ақымақ (кім?) шайқап сөйлейді. Ақылды, ақымақ (адам) – бастауыш. Еріншектің (кімнің?) ертеңі бітпес. Еріншектің (адамның?) – анықтауыш.

Сын есім барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктердің жалғауын меңгеріп, заттанып, толықтауыш қызметін атқарады. Жақсымен (кіммен?) жолдас болсаң, жетерсің мұратқа. Жаманмен (кіммен?) жолдас болсаң қаларсың ұятқа. Білімдіден (кімнен?) үйрен. Үлкенге (кімге?) құрмет, кішіге (кімге?) ізет. Жасы кіші болса да, ақылдыны (кімді?) аға тұт. Жақсыда (кімде?) жаттық жоқ.

Visited 91 times, 10 visit(s) today
Close Search Window
Close